Отбасы

Зайыбы, Сара Алпысқызы Назарбаева, 1992 жылғы ақпаннан – Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының негізін салушы және президенті. Бүгінде «Бөбек» – республиканың тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, шет елдерде де мойындалған ең белсенді қайырымдылық қоры.

Қор жүздеген және мыңдаған қайырымдылық шараларын өткізіп, жетім балалар мен мүгедектерге көмек, аналарға қолдау көрсетіп келеді.

С.Назарбаева – 1994 жылғы шілдеден бастап «SOS – Қазақстанның балалар қалашықтары» қорының президенті. 1999 жылғы наурыздан бастап «Демография» қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы.

Қайырымдылық және қамқорлық саласындағы ерен еңбегі үшін Сара Назарбаева халықаралық ұйымдардың көптеген марапаттарына ие болды. Олардың арасында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы Халықаралық жүлдесі, Unity халықаралық жүлдесі, «Құрманжан Датқа» жүлдесі сияқты елеулі марапаттар бар. Ол Шыңғыс Айтматов атындағы «Өзін-өзі тану философиясына қосқан ұлы үлесі үшін» алтын медальінің иегері. Сара Алпысқызы Софи Лореннің қолынан Ресей Қызыл Крест қоғамы тағайындаған және өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған көпжылдық қызметі үшін берілетін «Алтын жүрек» халықаралық жүлдесін алды.

Ол 2010 жылы өз өмірін SOS Kinderdorf балалар қалашығының балаларына арнаған әйелдерге берілетін SOS Kinderdorf International Халықаралық қорының марапаты – «Алтын жүзікке» ие болды.

Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы (1963 ж.т.), үлкен қызы. Екі ұлы, қызы және төрт немересі бар. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Саяси ғылымдар докторы. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян және неміс тілдерін меңгерген. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Құлыбаева Динара Нұрсұлтанқызы (1967 ж.т.), ортаншы қызы. Ұлы мен екі қызы бар. 1989 жылы А.В.Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын тәмамдаған. Қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілдерін меңгерген. 1998 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында іскерлік әкімшіліктендіру магистрі дәрежесін алған. 2007 жылы докторлық диссертация қорғаған. 2004 жылдан бері Қазақстан-Британ техникалық университеті директорлар кеңесінің төрайымы. Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қорын басқарады.

Назарбаева Әлия Нұрсұлтанқызы (1980 ж.т.), кіші қызы. Қазақстандағы және шетелдердегі мектептер мен университеттерде оқыды. ҚазМЗУ-ді бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгерген. Екі қыз бен ұл тәрбиелеп отыр. «Европа плюс» радиосында директордың көмекшісі, «ТұранӘлемБанкте» заң департаментінің стажері,  Нұрсұлтан Назарбаевтың хатшысы болып жұмыс істеді. Құрылыс компаниясының басшысы.