Жаңалық

Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті

ОҚИҒАЛАР

Кездесу барысында Елбасы ынтымақтастықтың алғашқы күндерінен бастап Қазақстан мен Тәжікстанның берік достыққа және сенімге негізделген қатынастар орнатқанын атап өтті.

– Достығымыз жылдан жылға нығайып келеді. Сіз әлемдегі күрделі жағдайда Тәжікстанды басқарып отырсыз. Елдеріңіз дәйекті дамып, тұрақтылық қамтамасыз етілуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі жақты қатынастар бауырлас халықтардың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая беретінін айтты.  

Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қарқынды дамығанын атап өтті.   

– Мен Қазақстанның көз алдымызда қалай өзгергенін көрдім. Елордада өткен алғашқы кездесулер менің есімде және оның қаншалықты өзгергенін көріп отырмын. Оң өзгерістер қалада ғана емес, бүкіл еліңізде жүріп жатыр. Бұл – Сіздің табысты жұмысыңыздың, дана және көреген саясатыңыздың нәтижесі, – деді Тәжікстанның Президенті.