Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевты қабылдады
Кездесуде Ермек Маржықпаев Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің даму барысы және әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ұлттық саябақтың табиғи ресурстарын қорғау мәселелеріне назар аударды.
Бұдан бөлек, Елбасы өңірдегі жастарды жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды.
Әңгімелесу барысында әлеуметтік және спорт инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ тұрғындардың табысын арттыру және тұрмысы нашар азаматтарға көмек көрсету үшін атқарылып жатқан шараларға баса мән берілді.
Кездесу соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған жобалар әзірлеп, соларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.