Елбасы МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеймен және Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Граноффпен кездесті
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» отырысына қатысқаны үшін Мохаммед Эль-Барадей мен Джонатан Граноффқа алғыс білдірді.
- Мохаммед Эль-Барадей МАГАТЭ-ны ядролық қаруды таратпауға жауапты негізгі органға айналдырды. Біз Сізбен бірге Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құруды бастадық. Бұл өте маңызды оқиға болды. Біздің елімізге аз байытылған уранның алғашқы партиясы келді, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Жаһандық қауіпсіздік институтының ядролық қаруды таратпаудағы маңызды рөлін атап өтті.
- Қазақстанның ядролық қарусыздану мәселесіндегі рөлін жақсы білесіздер. Біз ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық мәселелерге белсенді қатысып жүрміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идеясын қолдайтындығын іс жүзінде дәлелдегенін айтты.
- Сіз ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөліңізді дәлелдедіңіз. Қазақстан өз сөзін нақты іс-әрекеттермен растады, ядролық әлеуеттен бас тартты, Семей полигонын жапты. Енді Сіздің күш-жігеріңізді ғаламдық және жергілікті деңгейдегі сұрақтарға бағыттау мүмкідігі маңызды болыр отыр, - деді Мохаммед Эль-Барадей.
Өз кезегінде, Ғаламдық қауіпсіздік институтының президенті Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимылын жоғары бағалады.