Нұрсұлтан Назарбаев Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады
Кездесу барысында Елбасы Қауіпсіздік Кеңесі еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруды үйлестіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Қауіпсіздік Кеңесі елдің ішінде де, одан тысқары да қауіпсіздік мәселелерін талдайтын және қарауға ұсынатын өте маңызды мемлекеттік орган. Оның құзырына құқық қорғау органдарының жұмысы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шет елдермен қарым-қатынас және елдің қорғаныс қабілеті сияқты мәселелер кіреді. Сонымен бірге, құқық қорғау жүйесінің реформасына көңіл бөліп, соңына дейін жеткізу маңызды, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Өз кезегінде Ә.Исекешев елдегі қазіргі жағдай туралы баяндап, 2020 жылға арналған жұмыс жоспары туралы ақпарат ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы бірқатар нақты тапсырма берді.