Елорда күніне және Елбасының туған күніне орай келіп түскен жеделхаттар мен хаттар
Елбасының атына Елорда күні мен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің 80 жылдық мерейтойына орай келіп жатқан жеделхаттар мен хаттар легі жалғасуда.
Беларусь Республикасының Президенті қазіргі Қазақстанның тарихы, оның жетістіктері мен халықаралық беделі Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екендігін атап өтті.
«Сіздің тікелей басшылығыңызбен Қазақстан халқы әлеуметтік-экономикалық дамуда толағай табыстарға қол жеткізді, әлемдік аренада лайықты беделге ие болған мемлекет құрып, үлкен жолды жүріп өтті.
Беларусь Республикасында Сіздің белорустар мен қазақтардың тарихи достығына, өзара құрметке, сенім мен қолдауға негізделген кең ауқымды екіжақты қатынастарды құруға қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалайды», - делінген А.Лукашенконың жеделхатында.
Грузия Президенті Саломе Зурабишвили Елбасына денсаулық, бақыт пен табыс тіледі.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін қалыптастыру және нығайту кезеңі Сіздің атыңызбен тығыз байланысты. Сіз Тұңғыш Президент ретінде батыл шешім қабылдап және көреген саясат жүргізе отырып, елдің дербес дамуын және халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етіп, ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін берік негіз қаладыңыз. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделге қол жеткізуіне ықпал еттіңіз», - делінген Грузия Президентінің жеделхатында.
Австрия Республикасының Федералдық Президенті Александр Ван дер Беллен өзінің хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудағы және құрлықтағы интеграциялық үдерістерді дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.
Хорватия Республикасының Президенті Зоран Миланович, Индонезия Республикасының Президенті Джоко Видодо, Сингапур Республикасының Президенті Халима Якуб, Сьерра-Леоне Республикасының Президенті Джулиус Маада Био Елбасына және күллі Қазақстан халқына мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі. Сондай-ақ барлық мақсаттарға жетуіне және өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдіріп, жылы лебіздерін жолдады.
Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ Қазақстанның Тұңғыш Президентіне екі ел арасында ынтымақтастық орнатуға және дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
«Сізді 80 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Екеуміздің арамыздағы жеке сенімге негізделген Жапония мен Қазақстанның өзара тиімді серіктестігі сәтті дамып келе жатқанына қуаныштымын. Өткен жылдың қазан айында мәртебелі Императордың таққа отыру рәсіміне қатысқаныңыз үшін Сізге тағы да алғыс айтамын. Сол маңызды күні Өзіңізбен болған кездесу екіжақты қатынастарға жаңа серпін берді», - делінген Синдзо Абэнің жеделхатында.
Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның берік негізін қалағанын атап өтті.
«Сіз ХХІ ғасырдың халықаралық саясатын және жаңа әлемдік тәртіпті түсініп қана қоймай, оны өз халқыңыздың игілігі жолында қалай бағыттау керектігін білетін тұлғасыз. Сондықтан Сізді өзіме рухани жақын көшбасшы санаймын. Мен үнемі біздің әңгімелерімізді жылы сезіммен еске аламын», - деп жазды В.Орбан.
Сондай-ақ Канаданың генерал-губернаторы Джули Пайетт пен Сингапурдың Премьер-Министрі Ли Сиань Лун да құттықтау хаттарында толағай табыс пен жаңа белестер тіледі.