Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешев пен Нұрлан Ермекбаевты қабылдады
Кездесуде биыл 19 мамырда өтетін Қауіпсіздік Кеңесі отырысының күн тәртібі және жиында қарастыру жоспарланған құжаттар талқыланды.
– Аппарат Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысына материалдарды дайындады. Отырыста екі мәселе қаралады. Біріншісі – Қарулы Күштерді құру және дамыту тұжырымдамасы туралы, екіншісі – шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде. Бірінші мәселе бойынша Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, негізгі басым бағыттар мен іске асыру кезеңдері анықталды. Сондай-ақ Үкіметпен бірге қаржыландыру және Тұжырымдаманы іске асыруға қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындардың қатысуы мәселелері қаралды, – деді Ә.Исекешев.
Өз кезегінде Қорғаныс министрі жаңа Тұжырымдама жобасында көрініс тапқан армияны құрудың негізгі бағыттары туралы толық ақпарат ұсынды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына бірқатар нақты тапсырма берді.