Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің атына Елорда күні мен Елбасының туған күніне орай келіп түскен хаттар мен жеделхаттар
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан, халықаралық ұйымдар жетекшілерінен, дипломатиялық корпус пен зиялы қауым өкілдерінен, діни бірлестіктер көшбасшыларынан, мемлекеттік органдар мен коммерциялық кәсіпорындар басшыларынан, сондай-ақ көптеген қазақстандықтар мен шетел азаматтарынан кең ауқымды хаттар келіп түсті.
Елбасының халықаралық аренадағы қызметіне жоғары баға беріліп, құрлықтағы ынтымақтастықты, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының жеделхаттарында атап көрсетілген. Мұндай жеделхаттар Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннен, Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғаннан, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтен, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоннан, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкодан, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтан, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтен, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисяннан, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтен, Украина Президенті Владимир Зеленскийден, Сербия Президенті Александр Вучичтен, Хорватия Президенті Зоран Милановичтен, Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннен, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустиннен, Армения Премьер-министрі Н.Пашиняннан және басқаларынан келді.
Шетел мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, оның Қазақстан елордасы мен тұтас елдің қарқынды дамуындағы баға жетпес рөлін атап өтті.
Сондай-ақ халықаралық және шетелдік ұйымдар мен құрылымдардың өкілдері, соның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы М.Мясникович, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы С.Зась, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Б.Әміреев, ТүркПА Бас хатшысы А.Мамаюсупов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы С.Лебедев, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Г.Эфендиева, Мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасы Т.Анодина және басқалары өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Елбасының атына жолдаған хатында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы В.Норов: «Сіздің идеяларыңыз бен бастамаларыңыз терең зерттеулердің тақырыбына айналды. Қазақстанда құрылған қоғамдық бейбітшілік пен келісім үлгісінің бірегейлігі бүкіл әлемге танылды, ол «Қазақстандық жол» немесе «Назарбаев моделі» деген атқа ие болды. Бұл тәжірибе саясаткерлердің, ғалымдардың, жетекші сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен қызығушылығын тудырды», – деп жазды.
Ресей Федерациясының, өзге де алыс-жақын шетелдердің мемлекет және қоғам қайраткерлерінен жылы лебіздер жазылған көптеген хат келіп түсті. Ингушетия Республикасының Президенті М.Калиматов, Башқұртстан Республикасының Президенті Р.Хабиров, Ингушетия Республикасының Тұңғыш Президенті Р.Аушев, Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы В.Матвиенко, Ресей Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы В.Володин, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев, Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Д.Козак, Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты В.Ресин, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы Халықаралық істер комитетінің төрағасы Л.Слуцкий, Саратов облысының губернаторы В.Радаев, Астрахань облысының губернаторы И.Бабушкин, Орынбор облысының басшысы Д.Паслер, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин, Ресей Федерациясы Президентінің тұрақты даму мақсаттарына жету үшін халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі арнайы өкілі А.Чубайс, Жалпы кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы В.Щербаков, Украинаның бұрынғы Президенті Л.Кучма, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры А.Торкунов, МИР Мемлекетаралық телерадиокомпаниясының төрағасы Р.Батыршин, ТАСС бас директоры С. Михайлов, ТАСС бас директорының орынбасары М.Гусман, «Комсомольская правда» медиатобы бас директоры В.Сунгоркин, Ресей көркемдік академиясының президенті З.Церетели, Орал Федералдық университетінің ректоры В.Кокшаров, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі А.Цой, Еуропалық Парламент депутаты Т.Мариани, Бразилиа қаласының губернаторы К.Буарке, Бразилия Ұлттық конгресінің бұрынғы сенаторы У.Ридель және басқалар өз құттықтауларында Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тарихи рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ Оңтүстік Африканың ақыны Камилло Мубарак Зимба өлең түрінде ерекше құттықтау жолдады.
Татарстан Республикасының Президенті Р.Минниханов өз хатында Нұрсұлтан Назарбаевқа сарқылмас күш-қуат және Елбасының жауапты миссиясын жүзеге асыруына табыс тіледі.
«Дара ұлттық көшбасшы, дарынды саясаткер әрі тәжірибелі мемлекет қайраткері ретінде Сіз өз еліңіздің мүддесі үшін адал әрі жемісті қызмет етуді жалғастырып, Қазақстанның көпқырлы тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып келесіз. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық күшейген уақытта Сіздің бай тәжірибеңіз бен биік беделіңіз, Қазақстанның Өзіңіз қалыптастырған берік әлеуметтік-экономикалық іргетасы қазақ мемлекеттілігінің мызғымауы мен қоғамның игілігінің шешуші факторы саналады», – деп жазды Р.Минниханов.
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолданған қазақстандық және шетелдік іскер топтар өкілдерінің үндеулерінде жаңғыру жолында қазақстандықтарды ұйыстырған тиімді қоғамдық келісім саясаты атап өтілген. «ERG» компаниясының құрылтайшылары А.Машкевич пен П.Шодиев, «Kegoc» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Б.Қажиев, «Kazzinc Holdings» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Н. Попович, «Mabetex Group» компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Б.Паколли мен А.Паколли, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Т.Саркисян, «Эни» компаниясының бас атқарушы директоры К.Дескальци, «Ahsel Holding» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Ахмет Хамди Аян, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры А.Лихачев, «Газпром нефть» жабық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы және басқарма төрағасы А.Миллер мен А.Дюков, «Лукойл» мұнай компаниясының президенті В.Алекперов, «Acces Industries CIS» компаниясының басшылары Л.Блаватник пен С.Карпухович, Еуразиялық даму орталығының бас директоры Т.Мансұров және басқалар Елбасының туған күніне және Елорда күніне орай өз құттықтауларын жолдады.
«Банк ВТБ» компаниясының президенті А.Костин өзінің құттықтау хатында: «Еуразия кеңістігінде интеграциялық процестердің ілгерілеуі сіздің есіміңізбен тығыз байланысты. Сіз ұзақ жылдар бойы Өзіңізге өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретін орасан зор халықаралық беделге иесіз», – деп жазды.
Сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың басшыларынан, облыс әкімдерінен, депутаттық және дипломатиялық корпус өкілдерінен, ұлттық компаниялар мен басқа да мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларынан көптеген құттықтаулар келіп түсті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен оның халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі еңбегі, сонымен қатар жаңа елорданы салудағы жетістіктер мәдениет, білім және ғылым саласының қайраткерлері, академиктер С.Қирабаев пен Ә.Бейсенованың, «Назарбаев Университеті» президенті Ш.Катсудың, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры М.Ибатовтың, Қазақстанның халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Мұсақожаеваның, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Д.Біләловтың, жазушы-драматург Ж.Ерғалиевтің, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы директоры А.Сидоровичтің, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Д.Қыдырәлінің, «Алматыкітап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Э.Баталованың, филология ғылымдарының докторы О.Видованың және басқаларының құттықтауларында ерекше атап өтілді.
Елорда күніне және туған күнге орай Елбасы академиясының түлектері ұжымдық құттықтау жолдады. Ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның хаттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуындағы рөлі, сондай-ақ тәуелсіздіктің 30 жылында Тұңғыш Президенттің басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген табыстары айрықша көрініс тапты.
«Халық қаһарманы», армия генералы, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы М.Алтынбаев, «Ерекше тәуекел жауынгері» қоғамдық ұйымының төрағасы М.Мәмбетов, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі жанындағы Қазақстандық ардагерлер кеңесінің төрағасы В.Темірбаев және тағы басқалары өз құттықтауларында Елбасыға зор денсаулық тілеп, жылы лебіздерін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен және Елорда күнімен шын жүректен құттықтаған жеделхаттар Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кириллден, Астана және Қазақстан Митрополиті Александрдан, Орал және Ақтөбе Архиепископы Антонийден келіп түсті.
Еліміздің және шетелдің көптеген азаматтарынан зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеген құттықтаулар көптеп келді. Олардың ішінде Алматы облысындағы сыныптастарының атынан құттықтаған Е.Жүнісбеков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Айтхожиндер отбасы мен Ю.Бедрин, А.Жарғақ, А.Мұхамеджанов, алматылық Ғ.Әбдікенов, Г.Дәркембаева, А.Жұманиязова, Р.Төлегенова, Шымкент тұрғындары Ж.Пірәлиев, Ж.Бимурзаев, В.Андрюков, қарағандылық Н.Келлер, М.Мукашев, Талқықорған қаласының тұрғыны Ш.Ерланұлы және басқалары бар. Сонымен бірге, Шымкент қаласының тұрғыны Ш.Юлдашев және кентаулық С.Хамидуллина өлең түрінде құттықтау жазды. Рудный қаласы №7 орта мектебінің 1-сынып оқушысы А.Әлімқызы өз хатында: «Сізді және елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын туған күнімен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық пен амандық тілеймін, астанамыз гүлдене берсін! Бейбіт аспанымыз бен бақытты балалығымыз үшін Өзіңізге алғыс айтамыз», – деп жазды.
Елбасы келіп түскен хат-хабарлармен танысып, барлық құттықтау хаттардың авторларына жылы сөздері мен ыстық тілектері үшін ризашылығын білдіреді.