Жаңалық

Нұрсұлтан Назарбаев астананың Бас мешітінің ашылуы рәсіміне қатысты

ОҚИҒАЛАР

Іс-шараға сондай-ақ дін, жұртшылық, дипломатиялық корпус және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Рәсімге жиналғандар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғаның бас қаламыз ғана емес, бүкіл еліміз, барлық мұсылман қауым үшін маңызды жаңалық екенін атап өтті.  

– Мен мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігімді тоқтатудан бір күн бұрын,  2019 жылғы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қалап едім. Күллі әлемдегідей біздің елде де мешіттердің рухани және әлеуметтік мәні зор, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев имандылық үйлері игі ниетті қауымның басын біріктіруде, халықты ізгілікке үндеп, адами құндылықтарды насихаттау ісінде зор қызмет атқаратынын айтты.

– Бүкіл Орталық Азия бойынша үлкен, қай жағынан да бірегей бұл мешіт татулық пен тұрақтылыққа өз үлесін қосады деп сенемін. Жаңа мешітте классикалық ислам сәулет өнері мен дәстүрлі қазақи стиль шебер үйлесім тапқан. Оны жобалауға және ойдағыдай жүзеге асыруға түрлі елдердің майталман мамандары мен саңлақ сарапшылары атсалысты, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев астананың Бас мешітінің бірқатар ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Мәселен, онда Қағбаның аса үлкен қабырғасының үлгісі орнатылып, оған Алланың 99 есімі жазылған, сондай-ақ мешіт қабырғаларына каллиграфия стилімен әлемдегі ең бір ауқымды көркем жазу үлгілері өрнектелген.

– Бір мезгілде 30 мың адамның құлшылық етуіне лайықталған бұл ғаламат құрылыс жеке азаматтар мен инвесторлардың қаржысына салынғанын айрықша атап өткім келеді. Бұған мемлекеттің бір теңге де қаражаты жұмсалған жоқ. Осы сауапты іске атсалысқан азаматтардың бәріне зор ризашылығымды білдіремін. Жобаны іске асырған «Sembol Constraction» компаниясына, оның мамандарына алғыс айтамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ислам мәдени орталықтарының жұртшылыққа ілім-білім, тәлім мен тәрбие берудегі мән-маңызына тоқталып өткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаңа мешіттің қала көркін одан әрі арттыратын туристік орталық боларына да сенім білдірді.

– Жаңа мешіт астананың халқы, қонақтары келіп демалатын тартымды туризм орталығына айналары анық. Еліміздегі кез келген басқа діни ғимараттар сияқты бұл мешіттің есігі барлық ұлттар мен діндер өкілдері үшін ашық болмақ. Қазақстан – қашанда бейбітшілік пен жасампаздықтың мекені, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Анықтама үшін:

Мешіттің бас күмбезінің диаметрі 62 метр, ал биіктігі 83 метр. Мешіт мұнараларының биіктігі 130 метрге жетеді.

Мешіттің жалпы ауданы 68 мың шаршы метрден асады.

Қағбаның ауқымды қабырғасы үлгісін орнату барысында 25 млн кристалл қолданылған, аталған қабырғаның биіктігі 22 метрден асады, ал көлденеңі – 100 метр.

«Харам» атты залға төселген кілемнің жалпы ауданы – 16,5 мың шаршы метр, ал оның медальонының диаметрі 70 метр болады.  

Сонымен қатар негізгі залдың төбесінде салмағы 20 тонна, диаметрі 27 метрлік аспалы шам ілулі.