Нұрсұлтан Назарбаев астанадағы жаңа мешіттің салтанатты түрде ашылуы рәсіміне келген қонақтармен кездесті
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Әл Азһар Бас имамының орынбасары Мұхаммед Абдуррахман Ад-Дуиниге, Біріккен Араб Әмірліктерінің Ислам және уақыф істері жөніндегі Бас басқармасының атқарушы директоры Омар Әл-Дарейге, Моңғолия мұсылман ұйымдары одағының төрағасы Батырбек Хадысқа елордамыздағы жаңа рухани кешеннің ашылуы рәсіміне қатысқандары үшін алғысын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемде геосаяси және экономикалық дүрдараздық өршіп тұрған қазіргідей уақытта ислам үмметінің береке-бірлігі маңызды екеніне тоқталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті сондай-ақ жаһандық дінаралық диалогты қолдау мен оның аясын кеңейту ісіндегі біздің елдің рөлін атап өтті.
Мәртебелі меймандар татулық пен келісім идеяларын ілгерілетуге Қазақстанның қосып отырған үлесі аса маңызды екенін айтты.
Сондай-ақ әңгіме барысында ислам ұйымдарының өкілдері жаңа мешіттің сәні мен салтанатына сүйсініп, оның ең ірі деген ислам рухани орталықтары қатарынан лайықты орын алатыны туралы пікірлерін білдірді.