Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидаттың Республикалық қоғамдық штабына барды
Елбасы «Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездесіп, өңірлік штаб жетекшілерімен селекторлық кеңес өткізді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті сайлауалды штабтың жұмысын жіті қадағалап отырғанын айтты.
– Сайлауға 7 кандидат түсті. Бұл – елімізде саяси бәсекенің бар екенін айғақтайды. Кандидаттар түрлі қоғамдық топтар мен бірлестіктердің мүддесін білдіреді. Әр кандидат елімізді және қоғамды дамытуға арналған өз бағдарламасын ұсынды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы барлық кандидаттарға сайлауалды үгіт насихат және тұрғындармен жұмыс жүргізу үшін бірдей мүмкіндіктер берілгенін атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Штабтың жастар қанатының жұмысына тоқталды.
– Мен тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастарды тәрбиелеу және оқыту мәселесіне ерекше мән бердім. Бұл жұмысты жалғастыра беру қажет. Болашағымыз білімді азаматтардың қолында. Білікті кадрлар дайындай алған мемлекеттердің ғана келешегі жарқын болады. Штабқа танымал тұлғалардың – жастар өкілдерінің енгеніне қуаныштымын. Олардың сайлау науқанына қатысуы өте маңызды. Жастар Қазақстан халқының елеулі бөлігін – 4 миллионнан астам адамды құрайды. Солардың бәрі Тәуелсіздік жылдары өсіп-жетілді. Жастарымызға зор үміт артамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Республикалық және өңірлік штабтардың жұмысы туралы ақпаратты тыңдаған соң, «Nur Otan» партиясының Төрағасы сайлауалды бағдарламаны түсіндіру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.
Елбасы ұлтаралық келісімді нығайту, мемлекеттің стратегиялық даму бағытын дәйекті жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті инфрақұрылымды дамыту, өңірлерде тұрғын үй салу, халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелеріне де тоқталды.
– Қазақстанда жұмыссыздық емес, кәсіптің тапшылығы бар. Сол себептен, бірінші жұмысшы мамандықтарына тегін оқытатын бағдарлама әзірленген болатын. Біз жастар үшін барлық жағдай мен мүмкіндік жасадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы, сондай-ақ, халықпен тиімді кері байланыс орнатуға бағытталған «Бірге» атты жалпыұлттық акцияны іске асыру барысын жоғары бағалады.
– Партия барлық тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды қамтамасыз етуі қажет. Партия жауапкершілікті сезінуге тиіс. Партияның ХVIII съезде қабылдаған 2030 жылға дейінгі бағдарламасын орындау керек. Партия елімізді жаңғыртудың флагманына айналуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы ел ішіндегі саяси үдерістердің ерекше маңыздылығын атап өтіп, барлық қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырды.
– Штабтың барлық мүшелері ауқымды әрі маңызды жұмыс атқаруда. Біз жетістікке жететін мықты команда құрдық. Мен еліміздің игілігі үшін қызмет ете беремін. Мемлекетімізде қос билікке жол берілмейтінін атап өткім келеді. Бәріміз халық сайлаған Президентке қолдау көрсетіп, жұмыс істейміз, – деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.