Жаңалық

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

ОҚИҒАЛАР

Елбасы конференцияда сөйлеген сөзінде еліміздің бірінші басшысы лауазымындағы бүкіл қызметі Қазақстанды дамытуға арналғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті құру жолындағы және егеменді елді қалыптастырудағы қиындықтар туралы айтты. Соның ішінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті тоқсаныншы жылдардың басында еліміздегі ұлттық экономиканың қирауына, этносаралық қақтығыстардың пайда болу қаупіне байланысты жағдай жөнінде айтты.

– Қазақстан демографиялық құлдырау шегінде тұрды. 1989 жылғы халық санағына сәйкес, байырғы халық – қазақтар 39 пайыз немесе 6,5 миллионнан сәл ғана астам адам болды. Сол кезеңдегі ауыр экономикалық ахуал халықтың Қазақстаннан көптеп көшіп кетуіне алып келді. Ол жылдары орташа өмір сүру жасы 5 жылға қысқарды, туу көрсеткіші бірден төмендеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан көлік қатынастарының теңгерімсіздігі мен экология мәселесі күрделі технологиялық тұрғыдан ең артта қалған республикалардың қатарында болды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті елімізде қабылданған бағдарламалардың және өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған даму стратегиясының жүзеге асырылу нәтижелеріне тоқталды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік даму үдерісіне әсер ететін стратегиялық сын-қатерлердің бірнеше тобын атап көрсетті. Атап айтқанда, қарқынды әрі үздіксіз технологиялық толқын, кезекті индустриялық революцияға байланысты экономикалық парадигманың ауысуы, әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі, түрлі сипаттағы жаһандық деңгейдегі қақтығыс.

– Халық пен Президент әрқашан бірге болуға тиіс. Сонда ғана жетістікке жетеміз. Менің аға буын өкілдеріне айтарым, сіздердің даналықтарыңыз жастардың дұрыс жолмен жүруіне, Отанды сүюіне, мемлекетті нығайтуына, Тәуелсіздікті қорғауына және жарқын болашақ үшін еңбек етуіне жәрдемін тигізуі тиіс. Орта буын өкілдеріне айтарым, сіздердің жинаған тәжірибелеріңіз – қиындықтарды еңсеру жолында бәрімізге көмегі тиетін баға жетпес капитал. Ал, жастарымызға айтарым, жақсы өмір сүрудің бір ғана жолы бар – ол еңбек ету. Еліміздің келешек жолын сіздер анықтайсыздар, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті баяндамасының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі