Елбасы «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің ашылуына қатысты
Еуразия елдері парламентарийлері басқосуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл құрлықта парламентаралық диалог пен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің негізгі даму басымдықтары туралы айтып берді.
– Біз экономикалық прогресс пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға негізгі басымдық бердік. Нарықтық экономиканы жаңадан құрған Қазақстан бүгінде әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Қазақстанның ЖІӨ 18 есе өсті. Ел экономикасының көлемі Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімінің деңгейінен 2 есе жоғары. Халықтың табысы доллармен есептегенде 9 есе өсті, кедейлік деңгейі 10 есе, 40-тан 4,6%-ға дейін төмендеді, - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту және қолайлы бизнес ахуал қалыптастыру саласындағы жетістіктерін атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халықаралық-құқықтық мойындалуы жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.
Елбасы еліміздің ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына қарсы бағытталған шаралары туралы айтты.
– Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы декларацияның бастамашысы және тең авторы болды. Өңірдегі көршілерімізбен бірге біз Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрдық. Мен «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» наградасын тағайындадым, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев белсенді, көпвекторлы және бейбітшіл саясаттың арқасында Қазақстан өзінің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін едәуір нығайтқанын атап өтті.
– Халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен мәдениетін сақтау маңызды басымдық ретінде айқындалды. Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығы мен атқа міну мәдениетін, ежелгі металлургияны, «аң стилін» және «Алтын адам» деп аталатын – сақ жауынгерінің киімдерін берді. Біз қазір қалпына келтіріп жатқан Ұлы Жібек жолының керуендері Қазақстанның байтақ даласынан өтті. Түркі әлемі осы жерде дүниеге келді, - деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті құрлық елдері арасындағы еуразиялық диологты, сенім мен серіктестікті нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев парламентарийлерді әлемнің жетекші державалары арасындағы жаһандық сенім дағдарысын шешу үдерісіне белсенді қатысуға шақырды.
– Біз халықаралық құқық жүйесінің тығырыққа тірелгенін, оның еленбей, ескерілмей бұзылып отырғанын көріп отырмыз. Мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығы және бұрын қол жеткізілген келісімдер бұзылған жағдайлар баршаға белгілі. Санкцияларды өз еркімен қолдану оны қарсы бағыттаған елдерге ғана емес, сонымен бірге барлық басқа мемлекеттерге де, әлемдегі миллиондаған қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді, - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемдік қауымдастық үшін маңызды халықаралық шарттарды ратификациялау жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.
– Парламентаралық қауымдастықты ортақ мүддеге жұмылдырып, заң шығару бағытындағы бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру керек. Құқықтық актілерді үйлестіру жолында да көп жұмыс атқарылуы тиіс. Мысалы, терроризмнің жалпыға ортақ анықтамасын айқындау, террористік және экстремистік ұйымдардың, ұйымдасқан халықаралық қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін құру маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы IV кеңестің Үлкен Еуразияны одан әрі дамыту жолдарын айқындаудағы маңыздылығын тағы бір атап өтті.