Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті
Токио қ., Жапония
Кездесу барысында Елбасы Владимир Зеленскийді Украинаның Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
– Украинаның жаңалықтарын күнделікті қадағалап отырамын. Мен үшін сіздің еліңіздің орны ерекше. Бұл кезінде Украинада екі жыл оқығаным үшін ғана емес. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Украина президенттерімен жақын таныс болдым, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Украинадағы оқиғаларға өз алаңдаушылығын білдірді.
Елбасы Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.
– Сіз сайлауда халықтың үлкен сеніміне ие болдыңыз. Жоспарларыңызды жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндік бар, – деді Елбасы.
Өз кезегінде, Владимир Зеленский Украинаның Қазақстан Республикасын кең ауқымды мәселелер бойынша әрдайым қолдағанын атап өтті.
Келіссөздер барысында, В.Зеленский Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевпен Нью-Йорк қаласында кездескенін айта келе Елбасыны Украинаға шақырды.
Сонымен қатар, тараптар екі ел арасындағы сауда-саттықты арттырып, қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады.