Жаңалық

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Астана клубының» Бесінші отырысына қатысты

ОҚИҒАЛАР

Елбасы пленарлық отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, «Астана клубы» халықаралық диалог алаңдары жүйесінде беделді және маңызды форумға айналғанын атап өтті.

- Еуразиялық мегақұрлықтың өсіп келе жатқан ішкі көлік байланысы бірлескен даму үшін адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашты. Осы орайда тәуекелдерден арылуға және «Үлкен Еуразиядағы» ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашуға мүмкіндік беретін ашық және адал диалог қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті дүниежүзіндегі қақтығыстар мен геосаяси текетірестердің қайта өршуінің ауқымды тенденциясын атап өтіп, Еуразиядағы геосаяси жағдайға теріс әсер ететін негізгі қауіп-қатерлер туралы көзқарасын білдірді.

- Бізді әлемдік экономикадағы ахуал алаңдатады. Барған сайын дағдарыс жақындап жатқан сыңайлы. Әлемдік саудадағы қарама-қайшылықтар мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында жаһандық институттар көңіл көншітпейтін болжамдар келтіріп отыр. Жаһандық өсудің баяулауы әлемдік саудаға теріс әсер етуде. Осы факторлардың барлығы әлемдегі тұрақтылықты бұзады, - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар арасындағы санкциялар мен сауда соғыстарына назар аударды.

- Жетекші державалар арасындағы текетірес Еуразияның көптеген соғыс ошақтарына бірден әсер етуде. Бұл Сирия мен Украинадағы дағдарысты бейбіт жолмен шешу процесін одан әрі қиындата түсуде. Ал Брексит - интеграцияға қарсы басты оқиғаға айналды, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бақылаусыз милитаризация процесіне және әлемдегі жетекші мемлекеттердің тайталасы технология саласына ауысуына байланысты қауіптерге тоқталды.

- АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің өсуі жаһандық жоғары технологиялық нарықты тұрақсыздандырып, әлемдік технологиялық тізбектің бұзылуына әкеп соқты. Жасанды интеллектінің дамуы арта түсуі үлкен мүмкіндіктермен қатар, орасан зор қауіп әкелуде, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Таяу Шығыстың жағдайына тоқталды.

Елбасы Еуразиядағы қауіпсіздік жүйесін жандандыруға және оны жаңа сапалы көзқараста дамыту үшін Үлкен Еуразияда жаңа «ойын ережелерін» анықтауға бағытталған бірқатар практикалық шаралар ұсынды.

- Жалпықұрлықтық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарастыру қажет. 2020 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясын қабылданғанына 10 жыл болады. Онда еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас қауымдастығын қалыптастыру маңыздылығы көрсетілген болатын. Бұл мәселелерді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әлеуеттерін біріктіру арқылы тиімді шешуге болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы көшбасшылардың Ядролық қарусыз әлем үшін жаһандық альянсын құруды ұсынды. Бұл ядролық қарусыздану мен оны таратпауды алға жылжытатын беделді жаһандық алаңға айналуы тиіс екендігін атап өтті.

- Біз ядролық қарусыздану туралы қолданыстағы келісімдердің эрозиясын тоқтату қажеттілігін бірнеше рет айттық. Келер жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау шартына арналған шолу конференциясы қарсаңында осы құжаттың негізгі ережелерін әмбебаптандыру қажеттілігі жөнінде тағы да ойлануымыз керек. Шарттан шығу үшін халықаралық жауапкершілік шараларын күшейту, оларды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің деңгейінде тиісті қарарлармен бекіту қажет деп санаймын, - деді Елбасы.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерінен Солтүстік Корея қауіпсіздігінің нақты кепілдіктерін әзірлеу және Корей түбегіндегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған Пхеньян мен Сеул арасындағы сенім шаралары каталогын жасау қажеттілігі туралы айтты.

- Еуразияның болашағы – біртұтас қауымдастықтың құрылуында, ал оның тірегі құрлықтың негізгі интеграциялық бірлестіктері арасындағы жүйелі экономикалық диалог болуы керек. Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық Одақ, ШЫҰ, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы мен «Белдеу және жол» бастамасы арасындағы прагматикалық ынтымақтастық Үлкен Еуразияның құрылуына қуатты серпін береді. Бұл әлемдегі ең үлкен құрлықтың бүкіл саяси кеңістігін тұрақтандырады. Мен осы уақытқа дейін Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ арасында толыққанды диалогтың орнатылмағанын қолайсыз деп санаймын, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің Құрметті Төрағасы ретінде ЕО-ЕАЭО арасындағы серіктестіктің диалогтық механизмін іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

- Қазіргі жағдайда құрлықтағы барлық елдер тар өңіршілдік пен одақтық ойлау шеңберімен шектеліп қалмауы керек, керісінше «еуразиялық категориялар» деңгейінде кең ойлануы қажет. Тек сонда ғана біз еуразиялық «суперконтиненттің» зор әлеуетін іске асыра аламыз. Бүгінде біздің клуб «Үлкен Еуразия» деп аталатын жаңа геосаяси құрылымның идеологиялық алаңы ретінде әрекет етіп жатқанын атап өткім келеді, - деді Елбасы.

Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзара тиімділіктің қазіргі деңгейі барлық қиындықтарды еңсеріп, Еуразияның дами түсуін қамтамасыз ететініне сенім білдірді.