Елбасы Сұлтан Қабус бен Саид Әл Саидтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Оман Сұлтандығының билеушісі Сұлтан Қабус бен Саид Әл Саидтың дүниеден озғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады.
«Мен Сұлтан Қабуспен бірнеше мәрте кездесіп, Оманның шынайы жанашыры және елдің жан-жақты өркендеуіне, берекесінің артуына үлкен үлес қосқан ерекше саясаткер екеніне куә болдым.
Ол Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынастың нығаюына және елдер арасында сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастықтың дамуына тікелей септігін тигізді.
Сұлтан Қабус халқын, жерін, елін сүйген адал және парасатты билеуші ретінде есте сақталады деп сенемін.
Осынау азалы сәтте Оман халқының және марқұмның отбасы мен жақындарының ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», - делінген жеделхатта.