Жаңалық

Елбасы Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады

ОҚИҒАЛАР

Кездесу барысында сот жүйесіндегі реформаларды іске асыру аясында қабылданған іс-шаралардың орындалу барысы талқыланды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті азаматтардың соттарға деген сенімін одан әрі арттыру жұмыстарының маңыздылығын айта келе, соттардың мемлекеттік басқару жүйесінде ерекше орын алатындығын атап өтті.

– Азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру мәселелері күн тәртібінде әрдайым өзекті болып қала береді. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осы саланың дамуына ерекше көңіл бөлінген. Көзделген міндеттер орындалып жатыр, көрсеткіштер жаман емес. Соттарға деген ел сенімі артып келеді, - деді Елбасы.

Өз кезегінде Ж.Асанов Нұрсұлтан Назарбаевқа судьяларды аттестаттау нәтижелері, сот актілерінің сапасын жақсарту және судьяларға жүктемені азайту бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.

– Біз жаңа әдісті қолдана отырып, судьяларды аттестаттауды бастадық. Аттестацияға қатысқан 377 судьяның 11 пайызы өте алмады. Жыл соңына дейін тағы 260 судья аттестациядан өтеді. Осылайша, 2021 жылы судьялардың 84 пайызы тексеріледі, - деді Жоғарғы Сот төрағасы.

Кездесу соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті сот жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесі көптеген мемлекеттер үшін өзекті екендігіне назар аударды.

– Соттарға деген көзқарас өзгеруде. Дегенмен, әлі де біраз жұмыс атқару керек. Бұл мәселемен біз ғана айналысып жүрген жоқпыз, басқа да елдер оған ерекше көңіл бөліп отыр, - деді Елбасы.