Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы. Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасы ел өміріндегі тұтас дәуірді белгілейді.
Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.
Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды дәл осы азаматқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді.
Оның шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мемлекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи феномені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді.
Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Ұлт көшбасшысының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүниежүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине, мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы ойластырған саясат пен оның көшбасшылық сипаты Қазақстан экономикасын әлем бойынша экономикасы ең тез дамыған елдердің бірінің дәрежесіне жеткізді. Тұңғыш Президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында әлемдік қауымдастықта «Қазақстандық даму моделі» кеңінен таралды. Бұл модель терең ойластырылған бағыт бойынша біртіндеп және сенімді дамуға негізделеді.
1.12.1991 Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті сайланды