«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы басқаратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Кеңестің негізгі міндеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын (бұдан әрі – Қор) басқару мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Кеңестің функциялары:
1) Қор қызметінің бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
2) Қордың даму стратегиясын мақұлдау және оның іске асырылу барысы туралы Қордың жыл сайынғы есебін қарау, сондай-ақ Қор өз қызметін жүзеге асыратын экономиканың негізгі секторлары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды, оның ішінде республикалық бюджеттен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаражат бөле отырып іске асыруды қоса алғанда, Қазақстан экономикасын әртараптандыру және жаңғырту мемлекеттік бағдарламаларына Қордың қатысуы жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсыныстарын қарау;
4) Қордың тәуелсіз директорларын сайлау үшін кандидатураларды, сондай-ақ Қордың тәуелсіз директорларына сыйақы төлеу мөлшерін және шарттарын келісу;
5) Қор тобына кіретін ұйымның директорлар кеңесінің немесе бақылау кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесін немесе өзге мемлекеттік қызметшіні сайлау үшін ұсынымдар беру болып табылады.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің құрамы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Кеңес төрағасы
кеңес мүшелері:
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі,
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы,
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша),
екі отандық бизнес өкілі,
шетелдік бизнес өкілі.